НАТО Гаагадағы саммиттің қорытынды құжатын жариялады. Құжат бес тармақтан тұрады.
НАТО-ға мүше мемлекеттер 2035 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ын қорғанысқа жұмсауға келісті. Оның 3,5%-ы - әскери мақсатқа, 1,5%-ы инфрақұрылым мен цифрлық желілерді қорғауға жұмсалады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2% болған.
НАТО елдері Украинаны қолдауға жұмсалатын қаржыны қорғаныс шығыны ретінде санайды. Бұл Киевке көмек көрсетуді жеңілдетуі мүмкін.
Құжатта Ресейдің «Еуроатлантикалық қауіпсіздікке қатер төндіретіні» ғана айтылған. Соғыс сөзі қолданылмаған.
Былтырғы саммитте «Украинаның НАТО-ға жолы ашық» деп айтылса, биылғы құжатта мұндай тұжырым жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінде сөйлеген сөзінде егер одаққа мүше елдер қорғаныс шығынын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін арттырса, НАТО «өте қуатты» ұйымға айналады деп мәлімдеді.
НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте "Трамптың қысымынсыз" мұндай мақсатқа жету мүмкін емес еді деп мойындап, республикашылды мақтаған. Бірақ ол бұған көп жағдайда Трамптың "мұндай шарт орындалмаса, АҚШ НАТО-дан кетеді" деген қоқан-лоқысы түрткі болғаны жөнінде ештеңе демеген.
Одаққа мүше елдер НАТО-ның қуаты көп жағдайда АҚШ-тың әскери мүмкіндіктеріне негізделгенін және ол одақтан шықса, одақтың қуаты қатты әлсірейтінін жақсы түсінеді деп жазды халықаралық БАҚ.
24-25 маусымда Нидерландының Гаага қаласында НАТО саммиті өтті. Оған альянсқа мүше 32 елдің өкілдері қатысты.