Алматыда Рахат Мамырбек атындағы сыйлық табысталды

Байқауды ұйымдастырушылар лауреаттарға сыйлықты табыстап тұр. Алматы, 26 маусым 2025

26 маусымда Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауының қорытындысы жарияланып, лауреаттарға сыйлық табыс етілді.

“Ең үздік мақала” аталымы бойынша Maqsut Narikbayev University Newsroom студенті Мөлдір Қабыкен “Өмір үшін күрес” материалымен жеңімпаз танылды. “Ең үздік видео” аталымында батысқазақстандық журналист Азамат Хамза “20-1” деректі фильмімен үздік танылды.

Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды. Байқаудың жүлде қорына Ғабиден Құлахмет атындағы қор және журналист Ербол Азанбек атсалысқан.

"Осы жолы материалдар сапасы жақсы. Бұған дейін әлеуметтік салмағы бар материалдар болған, биыл тақырып кең болды" дейді қазылар алқасның мүшесі Асылхан Мамашұлы.

“Байқауға барлығы 52 жұмыс (33 мақала, 19 видео) келіп түсті. Байқау Қазақстанның барлық аумағын қамтыды. Атырау, Жетісу, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Абай облыстарынан, үш ірі мегаполистер үміткерлер қатысты” деп жазылған ұйымдастырушылар таратқан хабарламада.

Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауы биыл үшінші рет – дәстүрлі Журналистер күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Рахат Мамырбек әр жылдары "Қазақстан", "31-арна", "КТК" және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып қызмет істеді. "Қазақстан" телеарнасында "Күлтөбе" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. "Алматы" арнасында "Пікірлер пирамидасы" хабарын тізгіндеді. 2012 жылы Азаттық радиосының Қазақ редакциясына қызметке келді. Редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.

Рахат Мамырбек Алматыда 2017 жылы 20 желтоқсанда 39 жасында қайтыс болды. 2018 жылы "Ұлт туралы арман" кітабы жарық көрді.