ЖАҢАЛЫҚТАР
Құқық қорғаушылар Киевті Жанар Ахметті босатуға шақырды

Польшада орналасқан үкіметтік емес Open Dialog ұйымы Украина билігін қазақстандық блогер Жанар Ахметті қамаудан босатуға және оны Қазақстанға экстрадицияламауға шақырды. Құқық қорғау ұйымы 25 қазанда жариялаған мәлімдемесінде Жанар Ахметтің өзіне босқын мәртебесін беруден бас тарту шешіміне апелляциялық шағым түсіретіні айтылған.
"Жанар Ахметтің ісінің саяси астары бар. Босқындар мәртебесі туралы конвенция мен Тұтқындарды қайтару туралы Еуропа конвенциясы тұтқынды егер оған тағылған айыптың саяси себебі болса экстрадициялауға тыйым салады" делінген мәлімдемеде.
Open Dialog сонымен қатар Еуропа парламентін, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясын, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясын, БҰҰ мен демократиялық мемлекеттер үкіметтерін Украина билігіне "авторитарлық мемлекеттер биліктерінің саяси бәсекелестерін қудалауында ынтымақтастық орнатуын доғаруына ықпал етуге" шақырады.
Қазақстан билігін сынап жүрген блогер Жанар Ахмет 21 қазанда Киев түбінде ұсталған. Киево-Святощинский соты 24 қазанда оны 18 күнге қамауға алған. Жанар Ахметтің адвокаты Владислав Грищенко сот шешімі шыққан соң журналистерге блогердің аштық жариялағанын хабарлаған. Қорғаушылар сот шешіміне шағымданбақ ниетте.
Қазақстанда Жанар Ахмет "2005 жылдың наурызынан 2008 жылдың қазанына дейін жасаған алаяқтық әрекеттері үшін" сотталған. 2010 жылы тамызда Қазақстан соты Жанар Ахметтің жазасын өтеу мерзімін ұлы 14 жасқа толатын 2021 жылдың 5 қарашасына дейінгі мерзімге шегерген. Қазақстан билігі Жанар Ахметке ол жас баласымен Қазақстаннан Украинаға кетіп қалған соң іздеу жариялаған. Ол Қазақстанан кетіп қалу себебін елінде "саяси қуғын көруімен" байланыстырады.
Басқа да жаңалықтар
Иранның рухани көсемі Израиль мен АҚШ-ты жеңдік дейді

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи видеомәлімдеме жасап, "Иран халқын жеңісімен құттықтады". Оның сөзін елдегі IRNA агенттігі таратты.
"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті" дейді ол.
Али Хаменеи АҚШ-ты да жеңдік деп отыр.
"Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деді Иранның рухани көсемі.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.
22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.
Ербаян Мұхтардың ісі: халықаралық сараптама тағайындалды

Адвокат Инга Иманбай әскерде жұмбақ жағдайда басы жараланып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтардың ісінде қорғануға құқығы бар куәгер бар екенін, бірақ күдікті ретінде әлі ешкім танылмағанын хабарлады. Адвокат “За нами выехали” телеграм-арнасына халықаралық сараптама тағайындалғанын айтқан.
“Іс бойынша маған дейін жасалған сараптама бар, ол өзі құлап, бас жарақатын алған деген болжам жасайды. Біз әрине, бұған сенбейміз. Мен іске кіріскеннен кейін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып комиссиялық кешенді сараптама жүргізілді, оның нәтижесі бірінші сараптамаға қайшы. Енді сараптаманың қайсысы шын екенін анықтау үшін халықаралық сарапшыларды тарттық. Қазір іс бойынша халықаралық сараптама тағайындалды” деді Инга Иманбай.
Екі күн бұрын туыстары Ербаян Мұхтардың денсаулығы түзеліп келе жатқанын хабарлаған.
"Қазір ол арқасын тік ұстай алады, аяғында тұрады, мойнын бақылай алады, сол қол-аяғында айтарлықтар реакция бар, салмақ қосты, ауыз-қуысымен толықтай жұмыс жасай аламыз— ал бұл бастың ауыр операциясынан кейін небәрі 7,5 ай өткенде қол жеткен өте жақсы нәтиже. Бұл процесс баяу, бірақ тұрақты жүріп жатыр, бұл осындай ауыр операциядан кейін ерекше маңызды. Алда Ербаянды емделудің екінші кезеңі – Стамбулға қайта сапар күтіп тұр” деп жазды туыстары желіде.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Алдағы уақытта Түркияға қайта барып, оңалтудан өтпек.
Алматыда Рахат Мамырбек атындағы сыйлық табысталды

26 маусымда Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауының қорытындысы жарияланып, лауреаттарға сыйлық табыс етілді.
“Ең үздік мақала” аталымы бойынша Maqsut Narikbayev University Newsroom студенті Мөлдір Қабыкен “Өмір үшін күрес” материалымен жеңімпаз танылды. “Ең үздік видео” аталымында батысқазақстандық журналист Азамат Хамза “20-1” деректі фильмімен үздік танылды.
Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды. Байқаудың жүлде қорына Ғабиден Құлахмет атындағы қор және журналист Ербол Азанбек атсалысқан.
"Осы жолы материалдар сапасы жақсы. Бұған дейін әлеуметтік салмағы бар материалдар болған, биыл тақырып кең болды" дейді қазылар алқасның мүшесі Асылхан Мамашұлы.
“Байқауға барлығы 52 жұмыс (33 мақала, 19 видео) келіп түсті. Байқау Қазақстанның барлық аумағын қамтыды. Атырау, Жетісу, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Абай облыстарынан, үш ірі мегаполистер үміткерлер қатысты” деп жазылған ұйымдастырушылар таратқан хабарламада.
Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауы биыл үшінші рет – дәстүрлі Журналистер күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Рахат Мамырбек әр жылдары "Қазақстан", "31-арна", "КТК" және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып қызмет істеді. "Қазақстан" телеарнасында "Күлтөбе" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. "Алматы" арнасында "Пікірлер пирамидасы" хабарын тізгіндеді. 2012 жылы Азаттық радиосының Қазақ редакциясына қызметке келді. Редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
Рахат Мамырбек Алматыда 2017 жылы 20 желтоқсанда 39 жасында қайтыс болды. 2018 жылы "Ұлт туралы арман" кітабы жарық көрді.
Иранда Израильге “тыңшылық жасады” деп айыпталған үш адам дарға асылды

Reuters агенттігі Иранда Израильге «тыңшылық жасады» деп айыпталған үш адам дарға асылғанын хабарлады.
Иран үкіметінің хабарлауынша, өлім жазасына кесілгендер "Моссадпен (Израиль барлау қызметі) әріптестік орнатып", "Ирандағы жоғары лауазымды шенеуніктерді өлтіру үшін пайдаланған жабдықтарды контрабандалық жолмен тасымалдауға көмектесті" деп айыпталған.
BBC ақпарат агенттігі бірнеше күн бұрын осындай айыппен тағы екі адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлаған. Иран-Израиль қақтығысы басталғалы бері "Израильмен байланысы бар" деген күдікпен Иранда соңғы екі аптада 700-ден астам адам тұтқындалған.
Екі ел арасындағы қарулы қақтығыс 13 маусымда Израиль Иранның ядролық қару жасауына тосқауыл қояюды көздейтінін мәлімдеп, ядролық нысандарына соққы берген кезде тұтанған. Операция барысында ядролық қаруға қатысы бар делінген бірнеше ғалым да өлтірілген. Иран бұған жауап ретінде Израильді зымыранмен атқылаған. Тараптар 24 маусымда атысты тоқтатуға келісті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолкер Түрік 2024 жылы Иранда 901 адамның дарға асылғанын айтқан.
Гаага саммиті: НАТО елдері қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызын жұмсауға келісті

НАТО Гаагадағы саммиттің қорытынды құжатын жариялады. Құжат бес тармақтан тұрады.
НАТО-ға мүше мемлекеттер 2035 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ын қорғанысқа жұмсауға келісті. Оның 3,5%-ы - әскери мақсатқа, 1,5%-ы инфрақұрылым мен цифрлық желілерді қорғауға жұмсалады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2% болған.
НАТО елдері Украинаны қолдауға жұмсалатын қаржыны қорғаныс шығыны ретінде санайды. Бұл Киевке көмек көрсетуді жеңілдетуі мүмкін.
Құжатта Ресейдің «Еуроатлантикалық қауіпсіздікке қатер төндіретіні» ғана айтылған. Соғыс сөзі қолданылмаған.
Былтырғы саммитте «Украинаның НАТО-ға жолы ашық» деп айтылса, биылғы құжатта мұндай тұжырым жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінде сөйлеген сөзінде егер одаққа мүше елдер қорғаныс шығынын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін арттырса, НАТО «өте қуатты» ұйымға айналады деп мәлімдеді.
НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте "Трамптың қысымынсыз" мұндай мақсатқа жету мүмкін емес еді деп мойындап, республикашылды мақтаған. Бірақ ол бұған көп жағдайда Трамптың "мұндай шарт орындалмаса, АҚШ НАТО-дан кетеді" деген қоқан-лоқысы түрткі болғаны жөнінде ештеңе демеген.
Одаққа мүше елдер НАТО-ның қуаты көп жағдайда АҚШ-тың әскери мүмкіндіктеріне негізделгенін және ол одақтан шықса, одақтың қуаты қатты әлсірейтінін жақсы түсінеді деп жазды халықаралық БАҚ.
24-25 маусымда Нидерландының Гаага қаласында НАТО саммиті өтті. Оған альянсқа мүше 32 елдің өкілдері қатысты.
АҚШ қазақстандықтардың виза бойынша өтініштерінің 46% кері қайтарған

АҚШ былтыр Қазақстан азаматтарының B-1/B-2 категориясына кіретін виза түрі бойынша өтініштерінің 46% астамын кері қайтарған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде айтылады.
B-1/B-2 визалары АҚШ-қа уақытша іссапарға (B-1) немесе туризмге, демалысқа (B-2) барғысы келетіндерге беріледі. Бұл визаны алу үшін өтініш берушілер АҚШ-тан қайтып кететінін дәлелдеуі керек.
Визалық шектеу бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында үшінші орында тұр: Өзбекстан — 64,41%, Түркіменстан — 58,8%, Қазақстан — 46,29%, Тәжікстан — 45,24% және Қырғызстан – 39,14%.
ТМД елдері арасында бұл бойынша көрсеткіш әрқалай: Әзербайжан — 21,46%, Армения — 59,46%, Беларусь — 28,79%, Ресей — 38,56%.
Әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш Лаоста — 82,84%. Алғашқы бестікте Гвинея-Бисау (76,59%), Сенегал (74,65%), Сомали (77,02%) және Гвинея (70,25%) тұр.
Ең төменгі көреткіш БАӘ — 1,46%, Кипр — 2,16%, Румынияда— 2,61%.
Сәуір айында АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Джонатан Хеник өзбек азаматтарының визаның мұндай түрін ала алмауына осындай визамен барған өзбек азаматтарының АҚШ-та қалып қоюы себеп екенін мәлімдеген.
Ресей әскері қатарында соғысқан өзбек азаматына үкім оқылды

Өзбекстан соты Ресей әскері қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан азаматты үш жыл бір айға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде Ізбасқан аудандық сотының шешіміне сүйенген Repost басылымы жазды.
Оны "әскери жалдамалы қызметкер болу", "әскери қызметке тарту" және "шекараны заңсыз кесіп өту" баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Тергеу мәліметінше, ер адам 2019 жылы Ресейдің Саратов қаласына нәпақа табуға барған. 2024 жылы маусымда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, әскери дайындықтан өткен. Ал шілде-тамыз айларында Украинаның Луганск облысы мен Волчанск қалаларындағы әскери қимылдарға қатысып, жарақаттанған. Ауруханада емделгеннен кейін ол шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстанға оралған.
Сот кезінде айыпталушы тағылған айыптарды мойындаған. Ол Өзбекстан азаматтығынан бас тартып, Ресей төлқұжатын алғанын айтқан.
Бұған дейін украиналық "Хочу жить" қоры Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 1110 өзбек азаматының аты-жөнін анықтаған еді. Жоба өкілдері кемінде 109 өзбек азаматының майданда қаза болғанын хабарлаған. Қаза болғандардың ең жасы – 21-де, ең үлкені – 62-де. Өзбек азаматтарының бірі келісімшарт жасасқаннан кейін сегізінші күні қаза болған.
Құқық қорғаушы: Рақымшылыққа тек екі саяси тұтқын ілінуі мүмкін

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина рақымшылық туралы заңды сараптап, елдегі 30 саяси тұтқынның тек екеуі ғана ілінуі мүмкін екенін жазды. Бұлар: Мәлік Ахметқалиев және Айдар Сыздықов. Құқық қорғаушының сөзінше, олардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін.
“Бірақ рақымшылық туралы заң сондай күрделі, сондықтан тіпті екі белсендінің ісі қайта қаралады деген үмітіміз ақталмауы мүмкін. Міне, Қазақстандағы рақымшылықтың жайы осы...” деп жазды Төреғожина.
2024 жылы мамырда Қазақстан соты “есірткі сақтады” деп айыпталған көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиевті 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Дәл осындай баппен айыпталған астаналық белсенді Айдар Сыздықов былтыр күзде бес жыл түрмеге жіберілген. Билікті сынап жүрген белсенділердің ісін сараптаған құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30-жылдығына орай тұтқындарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Ресми мәлімет бойынша, рақымшылыққа 15 мың сотталушы ілінеді. Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек.
Рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.
"АҚШ-тың соққысы Иранның ядролық бағдарламасын жоя алмады" - CNN мен NYT

CNN телеарнасы мен New York Times басылымы Америка барлауындағы дереккөздерге сілтеп, АҚШ-тың Иранға жасаған соққысы Тегеранның ядролық бағдарламасының негізгі компоненттерін жоя алмады деп жазды.
Дереккөздің бірі АҚШ-тың соққысы Иранның ядролық бағдарламасын тек бірнеше айға кері "лақтырып тастады", қайта қалпына келтіруге болады деген. Енді бірі Иранның өндірілген уран қоры да құртылмады дейді. Бұған дейін Иран шабуыл алдында зауыттардан урандарын алып кетуі мүмкін деп те айтылған еді.
"Алғашқы қорытындылар президент Дональд Трамптың Иранның ядорлық энергиясы қайта қалпына келмейтіндей толығымен жойылды» деген мәлімдемелеріне қарама-қайшы" деп жазылған CNN мақаласында.
Осыдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде екі медианың жазғанын "жалған ақпарат" деді.
"Жалған жаңалық жазатын CNN жолы болмайтын The New York Times-пен бірігіп, тарихтағы ең сәтті әскери соққының бірін жоққа шығаруға тырысты. Иранның ядролық нысандары толық жойылды! Қоғам CNN мен The Times-ды сынап жатыр" деп жазды ол.
Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф барлау деректерін шығып кеткенін "сатқындық" деп атады.
22 маусымда АҚШ Иранның Фордо, Натанз және Исфахан ядролық нысандарына соққы жасаған еді. Трамп бұл соққыдан соң Иранның ядролық бағдарламасы жойылды деген.
Жаңа салық кодексі президентке қол қоюға жіберілді

Мәжіліс жаңа салық кодексіне сенат ұсынған түзетулермен келісті. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.
- Сенат cалық кодексіне 131 түзету енгізді. Оның ішінде 41 позиция бойынша кодекстің тұжырымдамалық тұстарын өзгертпейтін жаңа нормалар ұсынылды. 70 позиция бойынша мәтін, сондай-ақ өтпелі ережелер мен жекелеген нормативтік құқықтық актілерді енгізу мерзімдері нақтыланған және жетілдірілген. Ал 20 позицияда салық саласында әкімшілендіру бойынша нормалар нақтыланады, - деді мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев палатаның жалпы отырысында.
Ілеспе заң бойынша сенат 35 позиция енгізген. Олар редакциялық және нақтылау сипатына ие. Мәжіліс өзгерістермен келіскен.
Дүйсенбі күн жаңа түзетулерді сенат қарап, бірқатар ұсыныстармен мәжіліске қайтарған еді.
Олар өзге жайттармен қатар шаруа немесе фермер қожалықтарының кірістері бойынша жеке табыс салығына прогрессивті салық салуды енгізуді, төлем карточкаларына байланысты операцияларды қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатуды, сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормаларды белгілеуді ұсынған.
Құжатта қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жаңа өзгерістерге сай, медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салынбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде өзгеріссіз калмақ.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланған. Одан кейін оның межесі 40 млн теңге болып белгіленді.
Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.
Қазақстанда шамамен 800 мың киік атылуы мүмкін

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 25 маусым күнгі брифинг кезінде киіктердің санын реттеу аясында қаншасынан “арылу қажеттігі” анықталғанын айтты.
“Ғылым киіктердің жалпы популяциясының 20%-нан арылуды ұсынады. Қазір көктемгі есеп бойынша олардың саны 3,9 млн болды: 2,3 млн – Оралды, 1,6 млн – Бетпақбаланы, 78 мыңы Үстіртті мекендейді. Яғни, біз шамамен 800 мың бастан арылуымыз керек. Онда [Жойылатын киіктердің] жыныс пен жасы қандай болуы керек екендігі де анықталған: 40% – еркек, 40 % – ұрғашы, 20% – киік төлі” деді Нысанбаев брифинг кезінде.
Ол сонымен бірге киіктің етін өңдеуге арналған жеке ет комбинаты салынуы мүмкін екенін де айтты. Айтуынша, алты компания оған қызығушылық білдіріп отыр.
Қазақстанда үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.
Билік киік атуға рұқсат берердің алдында ақбөкенді "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.
Air Astana Таяу Шығыс елдеріне рейстерін қалпына келтіреді

Таяу Шығыста атыс тоқтауына байланысты Air Astana Иранды айналып өтіп, аталған аймаққа рейстерін қайта ұшырмақ.
Әуе компаниясының хабарлауынша, 25 маусымда төмендегі рейстер ұшырылмақ, барлығында жергілікті уақыт көрсетілген:
- KC205 Астана-Дубай, сағат 11:00
- KC206 Дубай-Астана, сағат 16:40
- KC653 Алматы-Доха, сағат 11:00
- KC654 Доха-Алматы, сағат 15:05
- KC897 Алматы -Дубай, сағат 11:15
- KC898 Дубай-Алматы, сағат 16:10
Бұған қоса, адам көп сиятын Boeing 767 ұшағымен (KC8980 Дубай-Алматы) сағат 17:40-та Дубайда қалып қалған қазақстандықтар елге жеткізілмек.
Бұған дейін Израиль-Иран қақтығысына байланысты Дубай мен Дохадан жүздеген қазақстандық елге жете алмай отырғаны хабарланған еді. Көлік министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Таяу Шығыста жағдай ушығуына байланысты қазақстандық әуе компанияларының осы аймаққа ұшуды тоқтатуы 1,7 мың жолаушыға қатысы бар: 1051 келген жолаушы және 683 кететін жолаушы.
Солардың бірі Доха әуежайында қалып қалған қазақстандық Александр Васин Orda басылымына өзінің рейсін үш күннен бері күтіп жатқанын айтқан. Жолаушылардың сөзінше, Қатардан ұша алмай, әуежайда қалып қалған азаматтарға тұратын орын берілмеген. Қазақстан елшілігі өкілдері әлеуметтік желіде шулатпауды сұраған.
Иран сыртқы істер министрі Түрікменстанға ресми сапармен барды

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 23 маусымда Түрікменстанға ресми сапармен барып, екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өткізді.
Түрікменстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ашғабаттағы кездесуде Таяу Шығыстағы жағдай талқыланған. Иран мен Түрікменстанның сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ аймақтық және халықаралық маңызы бар мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.
Баспасөз хабарламасында Аракчи Түрікменстан президентіне иран халқын бауырлас тұрғыдан қолдағаны және гуманитарлық міндеттерді атқарғаны үшін алғыс білдіргені айтылған.
Кездесу барысында Түрікменстан халықаралық қақтығыстарды күшпен шешуге қарсы екенін және оларды тек БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттарына сәйкес бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.
Бұған қоса Ашғабат Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу және аймақта бейбітшілік орнату мақсатында барлық мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірген.
Бұған дейін Түрікменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередов Таяу Шығыстағы жағдайды талқылау үшін АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаумен телефонмен сөйлескен.
13 маусымда Израиль Иранға әуе шабуылын жасағаннан кейін Түрікменстан көршілес Иранмен шекаралас аудандарында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Азат Еуропа/Азаттық радиосының Түрікмен қызметіне сенімді дереккөздер түркімен билігі әскери дайындықты арттырып, гуманитарлық көмек көрсете бастағанын хабарлаған еді.
Түрікменстан мен Иран арасындағы шекараның ұзындығы – 1100 шақырым.
Әзербайжандық саясаттанушы Бахруз Самедов мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 15 жылға түрмеге қамалды

Әзербайжан соты саясаттанушы Бахруз Самедовты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша (мемлекетке опасыздық жасау) айыпты деп танып, 15 жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі - Азадлыг радиосы хабарлады.
Самедовтың адвокаты Зибейда Садығова үкімді негізсіз әрі әділетсіз деп санайды. Қорғаушы тарап үкімге келіспейтіні туралы шағым түсірмек.
Мемлекеттік айыптаушы соттан Бахруз Самедовқа 16 жыл түрме жазасын сұрағаннан кейін саясаттанушы аштық жариялаған. Садығова Самедов төрт күннен бері тек су ішіп жатқанын, денсаулығы қатты нашарлап кеткенін айтты. Қазір Самедов Бакудегі тергеу абақтысындағы медицина бөлімінде жатыр.
Самедов өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот отырысында ол тұтқындалғанға дейін алты жыл бойы Әзербайжанда тұрмағанын және құпия ақпаратқа қол жеткізбегенін айтты.
"Мен ешбір мемлекеттік органда жұмыс істеген жоқпын. Қолымда ешқандай құпия құжат болған емес. Менде жоқ мемлекеттік құпияларды басқа адамға қалай беруім мүмкін?" – деді ол.
Бахруз Самедов Прагада тұрған және Карл университетінде докторлық диссертация жазған. 2024 жылы ол Бакуге демалысқа келген, ал 21 тамызда ұсталған. Саясаттанушы өзіне жасалған қысымды соғысқа қарсы ұстанымымен және Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт диалогқа шақыруымен байланыстырады.
Ресей соты төрт хакерді бес жылға бостандығынан айырып, іле-шала босатып жіберді

23 маусымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сот халықаралық REvil хакерлік тобының төрт мүшесіне үкім шығарды.
Ресейде оларға төлем жүйелерін заңсыз пайдаланған және зиян тигізетін бағдарлама таратқан деген айып тағылған еді. Осы қылмыстары үшін әрқайсысы бес жылға бас еркіндігінен айырылды, деп жазды "Коммерсантъ" газеті.
Сот айыпталушылардың бірі Андрей Бессоновтың 2020 жылы шыққан екі BMW көлігін, 51,8 миллион рубль және 497 мың АҚШ доллары тәркілеу туралы шешім шығарды. Ал Дмитрий Коротаевтан 2019 жылғы Mercedes Benz C200 көлігі тәркіленді. Ол екеуімен бірге Михаил Головачук пен Роман Муромский де сотталды.
Үкім жарияланғаннан кейін барлық айыпталушылар сот залында босатылды, өйткені сот олардың тергеу абақтысында өткізген уақытын жаза мерзімімен теңестіріп, оларды босатуға пәрмен берді.
2021 жылдың аяғында хакерлердің ұсталуына АҚШ билігінің ресейлік кибершабуылшылардың әрекетін тоқтатуды сұрауы түрткі болған еді. Сол кезде Ресей мен АҚШ президенттері – Владимир Путин мен Джо Байден арасындағы тікелей келіссөзден кейін хакерлер даркнеттен ізім-қайым жоғалып кеткен, кейін оларды Ресей федерациясының қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ұстаған.
АҚШ-та REvil тобын ондаған мың компанияға жасалған шабуылдарға, соның ішінде АҚШ-тағы Colonial Pipeline мұнай құбырына және Бразилиядағы әлемдегі ең ірі ет өндіруші кәсіпорынға қарсы шабуылдарға қатысы бар деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР